Ойындар туралы
Ойындар туралы
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары. Жарыстар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. ДКО адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кіреді.
Ойындар тарихы
Алғаш рет Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болып, барған сайын, Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстанда өтті. Чолпон-Ата қаласы халықаралық жарыстарды үш рет қабылдады:
- 2014 жылы – 19 елден 10 спорт түрінен 583 спортшы.
- 2016 жылы – 62 елден 26 спорт түрінен 1 200 спортшы.
- 2018 жылы – 82 елден 37 спорт түрінен 2 000 спортшы.
4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткізілді. 82 елден 13 спорт түрінен 3 000 спортшы.
Өткізілу күндері
ӨТКІЗІЛЕТІН ОРНЫ: Қазақстан Республикасы, Астана қаласы
Ойындар 2024 жылғы 8–13 қыркүйек аралығында өткізіледі.
Қыркүйек айы – жазғы жайлаудан қысқы қонысқа көшудің аяқталуын білдіретін мерекеге сілтеме. Дәстүр бойынша, адамдар және киіз үйлер, мүлік тиелген жануарлар керуенінің жолы салт-дәстүрлер, ойындар мен жарыстар өткізілетін жаңа қоныста аяқталатын.
Қатысушылар
Көшпенділер ойындарына бірінші кезекте халқы көшпелілер өркениетінің мұрагерлері болып табылатын елдер қатысады. Ал, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде көшпенді емес елдерден де командалар қатысады деп жоспарлануда.
Бүгінде ДКО ұлттық спорт түрлерінен әлемдегі ең ірі жарыс болып табылады. Шамамен болжам бойынша, Астана қаласына 6 күнге созылатын жарыстарға 89-дан астам елден 2500-ге жуық қатысушы келеді.
ДКО спорт бағдарламасына қатысуға өтінімдер 2024 жылдың 15 шілдесіне дейін берілуі керек.
Мәдени және ғылыми бағдарламаларға, сондай-ақ көрнекі спорт бағдарламасына қатысуға өтінімдер 2023 жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылданады.
Ұйымдастыру комитеті
ДКО ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады. ДКО-ны тиімді дайындау және өткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Вице-Премьер-Министрінің төрағалығымен ДКО ұйымдастыру комитеті құрылды. Ұйымдастыру комитетінің құрамына мемлекеттік өкілетті органдардың басшылары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің басшылары, ұлттық компаниялардың, кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары кірді.
Ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен «Астана 2024» ДКО дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция құрылды. Дирекцияның функциялары «Қазспортинвест» АҚ-на жүктелді.
ДКО Дирекциясының ұсынысы бойынша Ұйымдастыру комитетімен Астана 2024, ДКО туралы Ереже бекітілді. Ережеде спорт командаларының ДКО-ға қатысу шарттары егжей-тегжейлі көрсетілген. ДКО туралы Ереже барлық мүдделі ұлттық ұйымдарға (қауымдастықтарға, федерацияларға, одақтарға, клубтарға) жіберіледі және Астана 2024, 5-ші ДКО-ға қатысуға ресми шақыру болып табылады.
Ойындардың инфрақұрылымы
Астана 2024 ДКО инфрақұрылымын қалыптастыру үшін Ойындарға қатысатын нысандардың барынша көп саны бір сызық бойымен орналасқан «сызықтық» құрылғының ең қолайлы қағидаты қолданылды.
5-ші ДКО инфрақұрылымына «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы. «Алау» мұз сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» кешені сияқты6 елордалық нысан кірді.
«Қазанат» ипподромы мен Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құс салудың ұлттық түрлерінен жарыстар, ат үстіндегі сайыстар бойынша жарыстар өткізіледі. Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен, жекпе-жек түрлерінен және халық ойындарынан жарыстар, «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша жарыстар өткізіледі. Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ДКО Аккредиттеу және Жабдықтау орталықтары орналасады.
Қазанат ипподромының оңтүстік-батыс жағындағы іргелес 10 га аумақта орналасқан «Көшпенділер ғаламы» этноауылы ДКО мәдени бағдарламасын жүзеге асыруда негізгі алаңға айналады, сондай-ақ, мәдени бағдарлама Астана қаласының әртүрлі нысандарында (алаңдарда, саябақтарда, басқа да қоғамдық орындарда, театрларда, концерт залдарында, кинотеатрларда, мұражайларда, көрме павильондарында және т.б.) өткізіледі.
Ойындардың ғылыми бағдарламасының іс-шаралары Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында өткізіледі.
Қонақтарды орналастыру үшін Астана 2024 ДКО инфрақұрылымына кіретін спорт нысандарына жақын орналасқан 23-ке жуық қонақ үйі бар.
Ойындардың Ашылу және Жабылу рәсімдері
Ежелгі Олимпиада ойындарынан бері ашылу рәсімі Ойындардың ажырамас бөлігі болып табылады. Ірі халықаралық спорт форумдарының дәстүрлеріне сүйене отырып, Көшпенділер ойындарындағы ең мәнді және жарқын оқиғалар ойындардың ашылу және жабылу рәсімдері болып табылады. Театрландырылған көріністер арқылы қабылдаушы елдің мәдени мұрасы, мемлекет дамуының маңызды белестері, музыкалық-хореографиялық мәдениет жауһарларының қойылымы паш етіледі.
Қатысушы елдердің командалары алфавиттік тәртіп бойынша бөлек топтармен, салтанатты маршпен жүріп өтеді. Ашылу рәсімі міндетті түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының туын өткізу және көтеру тәртібін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын және Дүниежүзілік көшпенділер әнұранын орындауды қамтиды.
Ойындардың ашылғанын ресми түрде жариялайтын Мемлекет басшысының сөзі Ашылу салтанатының шарықтау шегі болмақ.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу рәсімі «Қазанат» орталық ипподромында өткізілетін көкпар турнирінің финалист командаларының финалдық ойыны бітісімен іле өткізіледі. Қатысушылар шеруі Ойындар кезінде бір отбасындай болып үлгірген спортшылардың ынтымақтастығын білдіретін бір ортақ команда форматында өтеді.
Ақпарат үшін
Ашылу салтанатына билеттер мен орындар көрсетілген шақырулар иелері ғана кіре алады.
Аккредиттеу және аккредиттеу төсбелгісі ашылу салтанатына қатысу құқығын бермейді!
Спорт бағдарламасы
Астана қаласының ең үздік спорт алаңдарында 21 жарыстық спорт түрінен жарыстар өткізіледі. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары.
Ойындарда 97 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.
Мәдени бағдарлама және «Көшпенділер ғаламы» Этноауылы
Ойындардың ашылу рәсімінен бір күн бұрын Этноауылдың ашылуы өтеді. Этноауыл Қазанат ипподромына іргелес аумақта, шамамен 10 гектар жерде орналасады.
Бұл күні «Астана – көшпелілердің астанасы» атты жарқын театрландырылған қойылым көрсетіледі. Шараға ДКО-ға келген шетелдік қонақтар мен халықаралық спорт ұйымдарының басшылары қатысады.
Этноауылдың бірегей концерттік алаңында күн сайын мәдени шаралар өткізіледі. Соның ішінде Қазақстанның үздік қолөнершілерінің ең ірі көрме-жәрмеңкесі және шеберлер өз қолөнерінің қыр-сырымен бөлісетін шеберлік сабақтары болады. Еліміздің жетекші және бастаушы айтыскерлері қатысатын дәстүрлі «Айтыс» ақындар мүшәйрасы Этноауылдағы мәдени бағдарламаның ажырамайтын құрамдас бөлігі болмақ. «Көшпенділер ғаламы» фестивалі мәдениет әлеміндегі заманауи үрдістерді көрсетеді.
Іс-шаралар бағдарламасында этноауылдың ең кішкентай қонақтарына көп көңіл бөлінеді, олар көптеген ойын-сауық және танымдық ойын алаңдары мен этникалық стильдегі аттракциондарды тамашалайды.
Этноауылда жыртқыш құстарды салудан жарыстар және ұлттық күрес түрлерінен көрнекі қойылымдары өткізіледі. Ұлттық тағамдар фестивалі қазақ халқының қонақжайлылығы мен ақкөңілдігін паш етеді. Мұнда шеберлік сабақтары өткізіліп, әрбір келуші тамақ пен сусын дайындауға қатыса алады. Ұйымдастырушылар Этноауылда жоспарлаған барлық іс-шаралар басты мақсатқа қол жеткізуге бағытталған – мәдени мұраны, ұлттық құндылықтарды насихаттау, олардың ұлттық бренді болып табылатын Қазақстан халқының бай тарихы мен мәдениетін насихаттау.
«Бірлік керуені» («Караван единства»)
Дәстүр бойынша, Олимпиада, Азия және Дүниежүзілік Универсиада сияқты заманауи ірі спорттық жарыстардың барлығына дерлік пішіні жағынан әртүрлі, бірақ мазмұны біркелкі Алау Эстафетасы міндетті түрде кіреді.
Алғашқы үш Көшпенділер ойындарында басты қасиетті нышан және негізгі элемент Су болды.
Ойындар қарсаңында Қазақстанның барлық облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларында әсерлі театрландырылған іс-шара өткізу барысында жергілікті қасиетті бұлақтардың бірінен Дүниежүзілік ойындардың Ашылу рәсіміне апарылатын Су алынады. Аймақтың орталық көшелерінен өтіп, орталық алаңда құрметке ие болған керуен Қазақстанның астанасына аттанады. Өңірдің дәстүрі мен стилінде безендірілген «Керуен» құрамында Су толтырылған ыдыспен бірге Астанаға Ойындардың мәдени бағдарламасына қатысатын шығармашылық топтар келеді. Сонымен қатар, керуендер өңірлерден Астанаға қажетті мөлшерде киіз үй, ыдыс-аяқ, «Көшпенділер ғаламы» этноауылын ұйымдастыруға қажеттінің барлығын әкеледі. Ойындардың ашылу күні құрамында еліміздің барлық аймақтарының атынан келген, қолына қасиетті Су толтырылған Торсық ұстаған батырлар бар керуен Ойындардың ашылу рәсімі өтетін жерге жарқын шерумен аттанады. Қасиетті көздерден алынған Су ДКО ашылу рәсімінің шарықтау шегінің маңызды құрамдас бөлігі болмақ.
Ғылыми бағдарлама
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында Ұлттық мұражайда этноспортты дамытудың түрлі аспектілері зерттелетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі. Олардың ішінде этноспортшыларды дайындау әдістері, этноспортты дамыту келешегі, этноспорттағы халықаралық ережелерді стандарттау және қабылдау және т.б. Сондай-ақ сарапшылар көшпелілікті, оның өркениеттік рөлін, сондай-ақ қазіргі әлемдегі неономадтардың мағынасын зерттеуге назар аударады.
Ойындардың айдентикасы
Астанадағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтеді.
Ресми логотипке айдентиканың маңызды элементі – күншуақты шабандоз кіреді. Ол Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының барлық логотиптерінде болған. Логотипте қою қызыл түсті элементтер қолданылады. Бұл түс ақық дейтін жартылай асыл тастың қарапайымдылығы мен әсемдігін бейнелейді. Ақық өзінің қызыл реңкімен қан мен отқа ұқсайды және өмірлік энергиямен, жүрекпен және күнмен ассоциацияланады. Қамшы, белбеу және дәстүрлі зергерлік бұйымдар сияқты тұрмыстық заттар ақықтың күңгірт түстерімен безендірілген.
Логотиптің мәтіндік бөлігі VIII-X ғасырлардағы руникалық түркі жазуына стильденген қаріппен жасалған.