Астана Туралы
Қазіргі елорда
Қазақстанның жаңа астанасын салу идеясы сол тұстағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.
Орналасуы
Қазіргі уақытта Астананың аумағы 722 шаршы шақырымнан асады, халық саны - 1 млн. адамнан астам. Қала төрт ауданнан - «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» ауданынан тұрады.
Астана Қазақстанның орталығында құрғақ далалық өлкеде, құрғақ бозды-бетегелі дала аймағында орналасқан. Қала аумағы аласа терраса – жайылма жер бедері түрінде келеді.
Есіл өзені елорданың басты су көзі саналады. Ауа райы күрт континентальды – қысы суық әрі ұзақ, жаз мезгілі ыстық және бірқалыпты қуаң. Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Нұр-Сұлтанды экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.
Сәулет
«Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығын, «Астана опера» опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Үспен Богородица кафедралдық соборын, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафедралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады.
Әлемдiк маңызы
Елордада тұрақты негізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы және басқа да халықаралық маңызды іс-шаралар өтеді. Нұр-Сұлтанда ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. 2017 жылы Астанада «Expo-2017» халықаралық көрмесі өтті.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 10-жылдық мерейтойына арналған өзінің бағдарламалық сөзінде жаңа елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берді:
«Осында, ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар».