Көкпардан Моңғолия құрамасы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы оқу-жаттығу жиынын аяқтады
Моңғолияның ұлттық құрамасы Баян-Өлгей аймағында көкпардан кезекті оқу-жаттығу жиындарын сәтті аяқтады.
Апта бойы ұлттық құраманың атынан қатысатын 19 спортшы алдағы халықаралық жарыстарға қатысу үшін жаңа тактикалық әдістерді әзірлеп, шеберліктерін шыңдады. Жиында командалық ойын дағдыларын жақсартуға, тиімді стратегияларды әзірлеуге және спортшылардың физикалық төзімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.
«Көкпар» федерациясының президенті Ром Әуесхан «Біздің команда алдағы ойындарда жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін барын салады. Өз күшімізге деген сеніміміз мол және моңғол көкпарының барлық әлеуетін көрсетуге ниеттіміз. Біздің спортшылар батыл және жеңіс үшін күресуге дайын», - деді.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар бойынша жарыс 9-12 қыркүйек аралығында «Қазанат» ипподромында өтеді. Көкпарға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Моңғолия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей елдерінен командалар қатысады.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі – Halyk Bank.
Барлық жарысқа билеттерді ресми билет операторының www.zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады.