ҚР Парламенті Сенаты және Мәжіліс депутаттары ДКО Дирекциясына келді
Бүгін ҚР Парламенті Сенаты және Мәжіліс депутаттарының қатысуымен 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысымен танысу жиыны өтті.
ҚР Спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаевтың жетекшілігімен өткен басқосуда халық қалаулыларына жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілетін медаль үлгісі де таныстырылды.
Қазіргі таңда ойындарға қатысатынын 89 мемлекет растап отыр. Жарысқа жалпы саны 2500 спортшы қатысады деп күтілуде.
Астанада өтетін көшпенділер ойынын тамашалауға келетін турист саны 100 мыңнан асуы мүмкін.
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Осы үш саланы біріктірудің арқасында көшпенділер мәдениетін зерттеп, жаһандық деңгейде насихаттау мүмкіндігі артады.
5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, жалпы саны ұлттық спорттың 21 түрінен жарыс өтеді.
«Қазанат» ипподромы мен оның маңында орналасатын «Көшпенділер әлемі» этноауылында ат жарыс, көкпар, саятшылық өнері мен садақ ату жарыстары өтеді. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында» ұлттық күрес түрлерінен, «Думан» қонақ үй кешенінде инттелектуалдық ойындар сайысы өтеді.
Ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы «Қазанат» ипподромында өтеді деп жоспарланған.
Қазір «Қазанат» ипподромында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Толық іске қосылғанда ипподром 10 мың көрерменді қабылдай алады.
«Астана-Арена» мен «Алау» мұз айдыны» сарайында да жөндеу жұмыстары жүруде.
Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асырылады.
«Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылады. Ол жерде Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.
Этноауылды бір күнде 30 мың адамның аралауына жағдай жасалады.
5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары кезінде Ұлттық музейде Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Онда көшпелі халықтар өркениетінің адамзат тарихындағы маңызы мен мұрасы зерттеліп, ғылыми баға беріледі.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұраны - «ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ».
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының алғашқы үш жарысы Қырғыз елінің Шолпан Ата қаласында өтті. Төртінші Дүниежүзілік ойындар 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында ұйымдастырылды.