5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі Halyk Bank
Бүгін Қазақстан Республикасының Үкімет үйінде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитеті мен Halyk Bank арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Ынтымақтастық туралы келісімге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің Төрағасы Роман Скляр және Hayk Bank АҚ Басқарма Төрайымы Үміт Шаяхметова қол қойды. Қол қою рәсіміне Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция басшысы Наиль Нұров қатысты.
Бұл келісім 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңыздылығын арттырып, мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестікті нығайта түседі. Бас серіктес ретінде Halyk Bank 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін көшпенділер ойындарын ұйымдастыру ісіне айтарлықтай қолдау көрсетеді.
Өз сөзінде Роман Скляр Қазақстанның тарихи тұрғыда дәстүрлі көшпелі мәдениеттің сақтаушысы екеніне ерекше мән беріп, «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көшпелі өркениеттің мұрасын халқымыздың басты брендтерінің бірі деп атады. Бұл мұраны біз Астанадағы ойындар кезінде жаһандық деңгейде танытуымыз керек»,- деп мәлімдеді.
Роман Склярдың пікірінше, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас серіктесі ретінде Қазақстанның қаржы саласының көшбасшысы – Halyk Bank-тің таңдалуы толықтай орынды. Банк қаржылық қызмет көрсетуші ғана емес, сонымен қатар бүкіл республика бойынша әлеуметтік жобаларды белсенді түрде іске асырып отырған аса жауапты мекеме.
Өз тарапынан Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова мұндай жоғары деңгейдегі маңызды халықаралық жобаға қолдау көрсету банк үшін үлкен мәртебе әрі асқан жауапкершілік екенін айта келе, «Біз, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу еліміздің әлемдік қауымдастық алдындағы абыройын арттырудағы айтарлықтай қадам деп есептейміз. Бұл ортақ мұрамыз бен мәдени кодымызды сақтаудың маңыздылығын дәріптеуге бағытталған, жүзден астам мемлекет өкілдері қатысатын халықаралық жоба. Біз банк ретінде елдің дамуы мен Қазақстан халқының игілігіне бағытталған істерді әрқашан қолдаймыз», - деп атап өтті.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. 21спорт түрін қамтыған додалы жарысқа әлемнің 85 елінен 2000-нан аса спортшы қатысады.