Жеңімпаз 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама ұтты
Елордадағы «Астана Триатлон» саябағында Мемлекеттік рәміздер күніне орай қалалық «Толағай» алыптар сайысы өтті. Ұлы Даланың батырларын насихаттап, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілген турнирде білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай қаламыздың 11 спортшысы бақ сынады.
Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша, яғни ұзындықтағы темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін көтеріп апару, ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, жүк артылған арбаны сүйреу, найзаны қашықтыққа лақтыру секілді ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түсті. Бұл сынақтар ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрлерді көрсетіп қана қоймай, спортшыларымыздың дайындығы мен мықтылығының жоғары деңгейінің көрсеткіші болып табылады.
Ұйымдастырушылар темірден түйін түйіп, нар көтеру – байырғы ұлттық дәстүріміз екенін айтады. Жарыстың ұйымдастырушысы әрі жоба авторы Тимур Спатаев қазақ балуандарын әлемдік деңгейге таныту мақсатында игі іс-шара осымен екінші жыл қатарынан Астана төрінде өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша бұл сайыс қыркүйек айында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Астана қаласы бойынша іріктеу кезеңі болып саналады.
Бес сайыстың нәтижесі бойынша бірінші орынды Жаннұр Маутан иеленсе, екінші және үшінші орындарды Қанат Тоққұлов пен Біржан Шаймерден еншіледі. Жаннұр Маутан алдағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстанның намысын қорғап, жоғары дайындық деңгейі мен нағыз күрескер рухын көрсететініне сенімдіміз.
«Толағай» алыптар сайысы бұқаралық спортты дамыту мен Қазақстанның ұлттық мұрасын кеңінен насихаттауда қуатты құрал қызметін атқарып келетінін атап айтамыз.