«Болашақтың ойындары» турнирінің өкілдері Қазақстанға келді
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 2026 жылы Қазақстанда өтуі жоспарланған «Болашақтың ойындарын» алдын ала бағалау үшін арнайы келген Phygital International халықаралық компанияның өкілдерімен кездесті.
Phygital International халықаралық компаниясы «Болашақтың ойындары» турнирінің құқығын иеленген.
«Қазіргі таңда киберспорт федерациясымен бірлесіп 2026 жылы Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырған «Болашақтың ойындарына» дайындық жұмыстарын бастадық. Министрлік тарапынан Қазақстанда осы спорттық біріншілікті ұйымдастырудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданады», - деді Ермек Маржықпаев.
Сондай-ақ, Phygital International өкілдері 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясына соқты. Дирекция басшысының орынбасары Денис Устиновмеймандарға Ойындарға дайындық барысы туралы айтып, Дирекцияның жұмысымен таныстырды. Қазақстанда "Болашақ ойындарын" өткізудің маңыздылығын атап өткен Денис Устинов Phygital International өкілдерін алдағы көшпенділер ойындарына шақырды.
Phygital International өкілдері EXPO халықаралық көрме орталығы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Барыс Арена» спорт кешені, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Сарыарқа» велотрегі, «Астана Арена» стадионы және т.б қаланың басты ғимараттарын бағалайды.
Естеріңізге сала кетейік, Phygital International бағалаушылары Астана қаласында тексерісті 15-18 мамыр күндері аралығында жүргізеді. 2026 жылғы Ойындарды өткізу мүмкіндігін жеңіп алған қала биыл қазанның 1-де анықталатын болады.
Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында (Ресей Федерациясы) «Болашақтың ойындарының» ашылу салтанатына қатысып, Ойындардың келесі жарысын Қазақстанда өткізу туралы ойын білдірген болатын.