МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТ
Бүгін, 16 сәуір күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік іс-шаралардан бас тартуды және алда өтетін Көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығындарды қысқартуды тапсырды.
«Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады», – деді Президент.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен барлық қазақстандықтарға қолдау сөздерін жеткізеді. Дирекция ұжымы зардап шеккен аймақ тұрғындарына қол ұшын беру мақсатында бір күндік жалақы мөлшерінде қаржылай көмектерін жолдады. Сондай-ақ, Дирекция еріктілері табиғи апат орын алған сәттен бастап гуманитарлық көмек қабылдау пункттерінде болып, қарғын судан үйлері мен малынан айырылған тұрғындарға қол ұшын созып жатыр.
Өкінішке орай, апат айтып келмейді. Бүгінде Дирекция Мемлекет басшысының халықаралық имидждік жобаларға, оның ішінде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығындарды қысқартуға қатысты шешімін зор құрметпен қабылдап, ерекше түсіністікпен қолдайды. Дирекция Президент тапсырмасының практикалық шешімдерін іздеуге бағытталған жұмыс тобы шұғыл түрде кірісті.
Қазір, барлық қазақстандықтар үшін қиын уақытта біздің міндетіміз – бір жұдырықтай жұмылып, табиғи апаттың ауыр зардаптарын жою. Сын сағатында ұйымшылдық пен сабырлықтан асқан шешім жоқ. Зардап шеккендердің әл – ауқатын жақсарту бүкіл ел үшін басты басымдық болып отыр. Күшіміз – бірлікте, ағайын!
Фото https://t.me/aqorda_resmi ресурсынан алынған.