5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 171 күн қалды
Бүгін, 21 наурызда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының кері санақ тақтасы іске қосылды. Салтанатты рәсім EXPO Халықаралық Көрме орталығында өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, көкпардан Қазақстан құрама командасының капитаны Құрманбек Тұрғанбек және америкалық ковбой Лэдд Хоуэлл бастаған АҚШ көкпаршылары қатысты.
Кері санақ тақтасының келбеті алшысынан түскен асықты бейнелейді. Іске қосылған санақ тақтасы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 171 күн қалғанын паш етеді.
Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанның айтуынша, көшпенділердің мәдени және спорттық мұраларын жаңғырту мен сақтаудың маңызы зор.
«Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының басшысы ретінде біз алдағы уақытта Қазақстанда ұйымдастырылатын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өткізілуін қолдаймыз. Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңыздылығын көрсету үшін осы мақсатта барлығымыз бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Ойындардың сәтті өтетініне сенімдімін. Осы шараларды жүзеге асыру үшін қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Президентіне ерекше алғысымды білдіремін. Қазақстандықтарды Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесімен құттықтаймын», - деп аяқтады өз сөзін Біләл Ердоған.
Мерекелік шара аясында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының билеттік бағдарламасы іске қосылды. Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына билет сатып алды.
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Қауымдастық пен оның құрамына кіретін федерациялар, еліміз үшін өте маңызды халықаралық шараға белсенді дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
Шара аясында ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжатта Астанада, 8-14 қыркүйек аралығында өтетін 5-ші көшпенділер ойындарын өткізудегі өзара ықпалдастық туралы жазылған.