Қазақстанда алғаш рет Ұлттық спорт күні атап өтілуде
Бүгін елордадағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде Наурыз мейрамы аясында Ұлттық спорт күніне арналған «НАУРЫЗНАМА: Ұлттық спорт күні» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараға ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, ұлттық спорт ардагерлері, ұлттық спорт федерацияларының президенттері, спортшылар, дипломатиялық миссиялардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев өзінің құттықтау сөзінде бүгінгі таңда біздің елімізде ұлттық спорт түрлеріне деген ерекше қызығушылық пен танымалдылық артып келе жатқанын ерекше атап өтті.
«Қазақтың ұлттық ойындары – мәдени-патриоттық тәрбие беруде ұтымды құрал. Денсаулықты нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға елеулі септігін тигізеді. Бүгін ел ішінде өткізіліп жатқан ат жарыстар, құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту сияқты турнирлер азаматтарға шынайы мереке салтанатын сезінуге мүмкіндік беруде»- деді министр.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжановелімізде Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы аясында 20 наурыздың ұлттық спортқа арналуы бүкіл ұлттық спорт үшін қуанышты жаңалық екенін атап өтті.
«Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен елімізде ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. Биыл қыркүйек айында елімізде Президенттің бастамасымен, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл ауқымды халықаралық іс-шара ұлттық спортты одан әрі дамытуға тың серпін береді» - деді Исламбек Салжанов.
Бұдан соң сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен жиналғандарды мейраммен құттықтап, осы мереке күндері елорданың барлық ауданында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтетінін атап өтті.
Мерекелік іс-шара аясында көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер және тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сыныптары өтті.
Қонақтарға қазақы тазы және бүркіт көрсетіліп, құсбегілік өнер таныстырылды.
Сонымен қатар, көкпардан Қазақстан мен АҚШ құрамалары арасындағы жолдастық кездесу көрермендер үшін керемет тосынсый болды. Америкалық командаға Лэдд Хауэллкөшбасшы болса, Қазақстан құрамасын белгілі көкпаршы Құрманбек Тұрғынбек бастады. Жолдастық кездесу 2:2 есебімен аяқталып, достық жеңді. Бұл көкпар тартудың – әлем елдеріне кеңінен тарап, ұлттық өнерден халықаралық дәрежедегі спортқа айнала бастағанын көрсетеді.
Мерекеге орай өзінің жетістіктерімен ұлттық спортты дәріптеп жүрген ұлттық спорт ардагерлері мен қайраткерлер марапатталды.
Олардың қатарында көкпардан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев, тоғызқұмалақтан ҚР екі дүркін чемпионы Мейрамқұл Ноғайбаев, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Мейрамғалиев, белгілі спорт журналисі, жазушы Несіп Жүнісбайұлы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Құламхан Жақыпов, асық атудан ұлттық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанов, атбегі Мейрамбек Чакенов бар.
«Ұлттық спорт ардагері ретінде еңбегімізді елеп, марапаттап жатқанына қуаныштымыз. Қазір еліміздегі жас спортшыларға мүмкіндік көп. Алдағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрамамызға жеңіс тілеймін», - деді Әбілхан Дауылбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 2024 жылдың 8-14 қыркүйегі аралығында өтеді. Жарысқа әлемнің 100-ден астам елінен 3000-ға жуық қатысушы түседі.
Астана қаласының ең үздік спорт алаңдарында 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрінен жарыстар өткізіледі. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары, сондай-ақ этникалық спорт түрлерінен көрсетілім қойылымдары бар.