Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовпен кездесті.

Жиын барысында тараптар екі ел спортшылары арасындағы бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуді, ұлттық спорт түрлерін жандандыруды және биыл елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысын сөз етті. Сонымен қатар спорт саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

«Қазақстан мен Қырғызстанды тарихи тамыры, сан ғасырлық достығы, тілдерінің, мәдениеті мен дәстүрлерінің ұқсастығы байланыстырады. Екі ел арасындағы спорт саласындағы белсенді ынтымақтастықты ерекше атап өткен жөн. 2021 жылғы наурызда Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға жасаған ресми сапарында Ұлттық спорт түрлері мен халық ойындарын дамыту туралы келісімге қол қойылған болатын. Өз кезегінде, Қазақстан мен Қырғызстанның спорт ұйымдары спорттық білім беру, спорттық медицина, оқу-жаттығу жиындары мәселелері бойынша жемісті ынтымақтастығын жалғастырып келеді. 2023 жылы жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Қырғыз Республикасының аумағында 4 халықаралық жарысқа, 10 оқу-жаттығу жиынына қатысты», - деді Ермек Маржықпаев.

Кездесу барысында Ермек Маржықпаев Алтынбек Мақсұтовты биылғы қыркүйек айының 8-14 күндері елордада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысуға арнайы шақырды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстанда өтті. Сондықтан Астанадағы ойындарда Қырғыз Республикасы үлкен доданың ашылу салтанатында спортшылар шеруін ашу құқығын сақтайды (Грекия және Олимпиада ойындары аналогиясында), сондай-ақ авторлығы атақты қырғыз композиторы Эмиль Кенжеқұловқа тиесілі Әнұран орындалады.

Сөз соңында Ермек Маржықпаев бүгінгі кездесу екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

Дереккөз: ҚР Туризм және спорт министрлігі.