Алыптар сайысады
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысы Наиль Нұров, "Мықтылар экстримі Халықаралық одағының" Президенті, әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы Василий Грищенко және "Толағай" алыптар сайысы ұйымының Президенті, рекордшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Темір Спатаевпен кездесу өткізді.
Көшпенділер ойындарының спорттық бағдарламасындағы "Powerful nomad" (Алыптар сайысы) спортын өткізу бағдарламасы, ойынға қатысуға ниетті елдерді тарту, төрешілердің жұмысы және т.б. бірқатар мәселелер талқыланды.
Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласының ең үздік спорт алаңдарында 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрінен жарыстар өткізіледі. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары, сондай-ақ, этникалық спорт түрлерінен көрсетілім қойылымдары бар.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 2024 жылдың 8-14 қыркүйегі аралығында өтеді. Жарысқа әлемнің 100-ден астам елінен 3000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.