Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының аясында, Үрімші қаласында екі елдің туристік әлеуетін арттыру, ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытындағы туристік форум өтті.

ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы органдардың, туристік компаниялардың, туристік индустрия қауымдастықтарының өкілдері қатысқан шарада 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы да ақпараттар берілді. Көшпенділер ойындары елдің туристік әлеуетін арттырып, саладағы кәсіпкерлік қызметті жандандыруға серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан да, екі ел арасындағы туристік ынтымақтастықты ілгерілету, кедергілердің алдын-алу шараларының туристер ағынын арттырудағы маңызы зор.

Шара аясында тараптар трансшекаралық туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Айта кету керек, 28-29 наурызда Бейжіңде «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының» ашылу рәсімі мен түрлі тақырыптық апталықтар өтеді.