Қазақстандық делегаттар VI Халықаралық этноспорт форумына қатысты
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жұмысы Түркияда өтіп жатқан VI Халықаралық этноспорт форумында талқыланды. Осы жиында көшпенділер ойындарын ұйымдастыру дирекциясының жетекшісі Наиль Нұров арнайы баяндама жасап, Астанада әлем көз тіккен додалы жарысқа дайындықтың қарқынды жүріп жатқанын жеткізді.
Анталияда өтіп жатқан VI халықаралық этноспорт форумының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Нежмеддин Біләл Ердоған дүниежүзінде ұлттық спорттың, жалпы дәстүрлі өнердің қайта түлей бастағанын жеткізіп, қуанышын білдірді. Бұл тұрғыда форумның «Дәстүрлі спорт түрлерінің келешегі кемел» деп аталғанын да меймандар ұтымды деп бағалап жатыр.
Айтса айтқандай, жиында жаһандық өркениеттегі дәстүрлі спорт түрлерінің рөлі, оның даму стратегиялары, халықаралық ынтымақтасу мәселелері кеңінен талқыланды.
Шара аясында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы мен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжатта Астанада, 8-14 қыркүйек аралығында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізудегі өзара ықпалдастық туралы жазылған.
Айта кетейік, форумға 75 елдің, соның ішінде Қазақстан, Жапония, Мексика, Катар, Аргентина, Түркия, Тунис, Польша, Пәкістан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Румыния, Ресей, Түркіменстан, Грузия, Өзбекстан елдерінің этноспорт саласының өкілдері, ғалымдар мен мәдениеттанушылар қатысты. Қазақстандық делегаттар қатарында Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов пен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция жетекшісі Наиль Нұров бастаған өкілдер бар.
Photocredit: World Ethnosport Confederation