ДКО кеңсесіне Қырғызстаннан «Көк бору» федерациясының делегациясы келді
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция кеңсесіне Қырғызстан Республикасынан "Көк бору" федерациясының президенті Рамис Джунусалиев бастаған бір топ делегация келді. Қырғыз елінен арнайы келген мәртебелі қонақтар Дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев және салаға жетекшілік ететін бір топ менеджерлермен кездесті.
Шара барысында Мұратбек Сұлтанбекұлы Астана қаласында өтетін дүбірлі дода- 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық инфрақұрылымымен таныстырды.
«... Көшпенділер ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әлемдік этноспорттың дамуына серпін беретін жылдың басты жобасы болады. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі атқарылып жатыр. » - деп атап өтті, Дирекция басшысының орынбасары.
Кездесу барысында тараптар «Көкпар» және «Көк бору» спорты бойынша біршама сұрақтарды талқылап, пікір алмасты.