Астанада ҚР Туризм және спорт министрлігінің Алқа мәжілісі өтті
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің 2023 жылғы қызметі мен 2024 жылға қойылған негізгі міндеттеріне арналған кеңейтілген Алқа мәжілісі аясында биыл, 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы да баяндалды. Жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қатысты.
Ермек Боранбайұлы: «Байрақты бәсекенің салауатты өмір салтын дәріптеудегі, бауырластық байланыстарды арттырудағы маңызын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мәлімдеген болатын. Бұл Ойындарда еліміздің құрамасы айбынды өнер көрсетуі үшін барынша жағдайлар жасауымыз қажет. Өңірлердің дене шынықтыру және спорт басқармалары басшыларынан ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша жұмыстарынжандандыруды сұраймын», - деп атап өтті.
Отырыс барысында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция жетекшісінің орынбасары Абылай Қондыбаев баяндама жасады.
«Біз барлық дайындық жұмыстарын 3 кезеңге бөлдік. 1 кезеңі өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін болған. 2 кезең 1 қаңтардан 15-ші тамызға дейін, 3- ші кезең 15 тамыздан 15 қарашаға дейін ойындарды өткізу және ойындардың мұрағат бағдарламасы деп аталады. Спорттық нысандарды және басқа да инфрақұрылымды дайындау, ойындардың материалдық-техникалық базасын қалыптастыру, ұлттық құраманы жасақтау және даярлау, брендін ілгерілету т.с. іргелі жұмыстар атқарылып жатыр деп атап өтті.» - Абылай Қанатұлы.
Еліміздің басты оқиғаларының бірі – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 205 күн қалды. Шара аясында «Көшпенді халық тарих, таным, тағылым» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді. Аталмыш шаралардың жұмыс жоспары тиісті мемлекеттік мекемелермен келісілген.
22 наурызда Наурыз мейрамын тойлау күні«Ойындардың басталуына 170 күн қалды» кері санақ тақтасын салтанатты түрде іске қосу жоспары бар. Еріктілер пулын қалыптастыру жұмыстары да нәтижелі атқарылып жатыр. Кесте бойынша Астанадағы жетекші жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесулер ұйымдастырылуда.