V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан спортшылары кураштан жартылай финалға шықты.

«Ұлттық және ат спорт түрлері орталығының» баспасөз қызметі хабарлағандай, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында өзбек халқының ұлттық спорты - кураштан 4 қазақстандық спортшы жартылай финалға жолдама алды.

Бүгін «Алау» мұз айдыны кешенінде өтіп жатқан кураш жарысында төрт қазақстандық спортшының бәрі жартылай финалға өтті. Ерлер арасында Бекадил Шаймерденов (81 келі) пен Марат Байкамуров (100 келі) қарсыластарынан басым түсіп, екі кездесу өткізіп, жеңіске жетті. Сонымен қатар, әйелдер арасында Ажар Салықова (70 келі) мен Альбина Бахиева (87 келі) екі қарсыласпен кездесіп, екі белдесу де жеңіспен аяқталды.

Кураш спортынан жарыс екі күнге бөлінген. 9 қыркүйекте ерлер арасында 81 келі және +100 келі, әйелдер арасында 70 келі және 87 келі салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар анықталады. Ал, 10 қыркүйекте ерлер арасында 60 келі, 66 келі, 73 келі, әйелдер арасында 57 келі салмақ дәрежелерінің чемпиондары белгілі болады.