Аударыспақтан Қазақстан ұлттық құрамасы 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына дайындықтарын пысықтап жатыр
Аударыспақтан ұлттық құрамамыз Алатау бөктерінде орналасқан Олимпиадалық даярлау орталығында дайындалып жатыр.
29 шілде басталған оқу-жаттығу жиыны 11 тамызға дейін созылады. Еліміздің түкпір-түкіпірінен, ең үздік деп танылған 12 аударыспақшы жоспар бойынша дайындалуда. Оның ішінен 6 іріктеліп, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды.
Аударыспақтан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев:
- 29 шілде басталған оқу-жаттығу жиынымыз жоспар бойынша өтіп жатыр. Күнде белгілі бір графикпен жүмыс жасаймыз. Бірінші физикалық жаттығу, түстен кейін атпен дайындаламыз. Бұл оқу-жаттығу жиынында жігіттердің қаншалықты дайын екенін көріп жатырмыз. 12 спортшы ішінен 6 мықтыны іріктеп, көшпенділер ойындарында сәтті өнер көрсетеміз деген ойдамын.
Еске сала кетейік, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында ұлттық құрамамыз қорытынды оқу-жаттығу жиынын 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өткізеді.
5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында аударыспақ спорты бойынша жарыстар 8-10 қыркүйек күндері Этноауылда өтеді деп жоспарланған.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі - Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.