Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті
Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық қоғам қайраткері, саяхатшы, Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бренд-амбассары Ерік Шыныбеков тізгіндеп келді.
Көшпенді Ерік Шыныбеков Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында Парижге Атырау қаласынан шығып, Ресей, Грузия, Түркия, Грекия, Италия және Германия елдері арқылы жүріп өткен. Осы миссиясы аясында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын насихаттап, Көшпенділер ойындарының үлгісінде көлігін безендіруді ол - өзінің отандық спортқа деген адалдығын, жанашырлығын білдіретінін айтты. Көліктің артқы есігінде дала фонында бүркітті ұшырып тұрған бүркітші бейнеленген. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өткізілетін күндері мен (8-13 қыркүйек) Ойындардың ресми сайты wng.kz көрсетілген. Сондай-ақ, көліктің екі жағына Ойындардың ресми логотипінің суреті салынған.
«Менің ойымша, Еріктің ұйымдастырған акциясы оның көшпенділік болмысын бұрынғыдан да аша түседі. Сонымен қатар, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын насихаттауды ұйымдастырушылар, мемлекеттік мекемелер, спорттық ұйымдар ғана емес, Қазақстанның кез келген азаматы, спорт жанкүйерлерінің де белсене кіріскенін көрсетеді.
Біз осындай жанашырларымыздың арқасында әлемдегі ең ірі спорт және мәдениет орталықтарының бірі Парижде жаһандық көшпенділер мәдениетін таныстыру мүмкіндігіне ие болғанымызға қуаныштымыз. Бұл біздің мұрамызды әлемге жариялаудың және жанкүйерлерді 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырудың тамаша мүмкіндігі», - деді Ойындар дирекциясының маркетинг жөніндегі директоры Серік Буксиков.
Париж тұрғындары мен қонақтары көлікті сыртынан тамашалап қана қоймай, Ойындар туралы көбірек білуге және көшпелі халықтардың тарихы мен дәстүрімен танысуға мүмкіндік алды.