ТҮРКСОЙ 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдайды
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция жетекшісінің орынбасары Абылай Қондыбаев ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті.
Тараптар алдағы күзде Астанада өтетін ойындарға дайындық барысын талқылады. ТҮРКСОЙ Бас хатшысына «Ұлы дала дүбірі» атты 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасы таныстырылды. Көшпенділер ойындарына бірінші кезекте халқы көшпелілер өркениетінің мұрагерлері болып табылатын елдер қатысады. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді. 7 күнге созылатын жарыстарға 100-ден астам елден 4000-ға жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр.
Шара барысында Абылай Қондыбаев «Бірлік керуені» жобасының тұжырымдамасы туралы да айтып берді. Жобаға, ел тұрғындары барынша жұмылдырылатын болады. Шараны іске асыру ел халқын ұлттық спорт түрлерімен белсенді айналысуға мүмкіндік береді. Сұлтан Раев қазақстандық тараптың ойындарды өткізудегі креативті және прогрессивті ұстанымын жоғары бағалады. Айта кету керек, этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.
Анықтама үшін
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыс. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы үш жарысы Қырғыз елінің Шолпан - Ата қаласында 2014, 2016 және 2018 жылдары өтті. Төртінші Дүниежүзілік ойындар 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында ұйымдастырылды.